МАҢҒЫСТАУДА ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ ӨТТІ

Қазан 15,2019

Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» Халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80-жылдығына арналған әдебиет және өнер қайраткерлерінің халықаралық конгресі өтті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті мұрындық болған шараға әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты.

Бірінші болып сөз алған ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Әбіш Кекілбаевтың ғарыштық ойлау жүйесі, дариядай шексіз білімі, есте сақтау қабілетінің керемет құпиясын ашу үшін бүгінгі күннің қарымды зерттеушілері жабыла кірісуі керектігін айтты.

«Шекспирдің шеберлігі мен тереңдігіне бойлаймыз деп ол туралы әлемде әртүрлі тілде 15 мың, кейбір деректерде 25 мыңнан астам көлемді зерттеулер жазылған екен. Оның ішінде тек тіл мамандары ғана емес, оның ішінде психолог та, дәрігер де, саясаткер де, тарихшы да, суретші де, саяхатшы, музыкант, геолог, агроном, тіпті мал дәрігері мен тіс дәрігері де бар көрінеді. Әбіш әлемінің лингвистикалық-географиялық-жаратылыстанушылық-адамтанушылық-психологиялық картасын толыққанды сызып шығу үшін де осындай деңгейдегі зерттеу жұмыстары керек. Оның дарынын бір ғана филологиялық өлшеммен өлшеуге келмейді. Оның бір өзі әлемдік университет сияқты болған адам. Мұндай дарындар адамзаттың тарихында сирек кездеседі», – деді Б.Сапарбаев.

Халықаралық конгреске жиналған қоғам қайраткерлері, журналист, жазушылар болса, «Әбіш Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті» тақырыбында баяндама жасады.

ХХ ғасырдың 60 жылдары әдебиетке келіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, академик-жазушы Әбіш Кекілбаевтың бай әдеби мұрасы да – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына қосылған қазына. Осы орайда талантты ақын-жазушылардың шығармашылығын зерделеп, олардың идеялық-көркемдік мәнін ашу, жас ұрпақ тәрбиесіне пайдалану, суреткердің әлемдік әдебиеттегі орнын айқындап, халқымыздың рухани-мәдени кемелденуіндегі орнын пайымдау – игі іс болмақ.

76 жасында өмірден өткен Әбіш Кекілбаевтың артында өшпес мұра болып қалған «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» тарихи романдары мен «Күй», «Шыңырау», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты» және тағы басқа әдеби шығармалары бар. Енді Әбіш Кекілбаевтың жаңа, өзінен кейінгі ғұмырын жастардың арасында, жалпы мәдениет және өнер қайтаркерлерінің арасында дәріптеудің жаңа ғұмыры басталды десек болғандай. Абыз жазушы өмірден өтсе де, оның артында қалған мол мұрасы еш уақытта өшпек емес. Осы тұрғыда Маңғыстаудан бастау алған шаралар легі 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында жалғаспақ.

Конгресс аясында бірнеше шара өтті. Пленарлық мәжіліс және 5 секция жұмыс істеді. Пленарлық мәжілістің мақсаты – Әбіш Кекілбаев шығармашылығының әлемдік көркем кеңістіктегі орны мен оның адамзаттың рухани дамуына өзіндік ықпалын Адамтану және Жаратылыс концепциясы контексінде зерделеу, оны әлемдік ғылыми айналымға енгізудің тетіктерін талдап, талқылау.