ФОРУМ БАСТАЛУЫНА:
: : :
  • күн
  • сағат
  • минут
  • секунд

Мұхаммед Салық

Мұхаммед Салых (Салай Мадаминов) – өзбек ақыны.

1949 жылы Хорезм облысының Үргеніш ауданында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, 1968 жылы әскерге аттанып, сол жылы тамызда Кеңес Армиясының құрамында Чехословакиядағы интервенцияға қатысқан. Осы арқылы ол өзін «әлемдегі езілген халықтардың құтқарушысы» санайтын мемлекеттің шынайы саясатының сырын ұғынып, Кеңес өкіметіне деген көзқарасы өзгереді. 1970 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны аяқтаған соң Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтының жоғарғы курсында білім алды.

Алғашқы өлеңдер жинағы 1977 жылы жарық көріп, авангард ақын ретінде бірден даңқ тұғырына көтеріледі. Бірақ «Совет Узбекистони» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы Лазиз Қаюмов «О пагубном влиянии Запада в поэзии» деген мақала жазып, ақын жырларының идеологиялық тұрғыдан кеңестік қоғамға зиянды екенін айтып, отызға толмаған жас талантты шайырды әуре-сарсаңға салды. Сөйтсе де ақынның батыс авангардизмі (әсіресе, сюрреализм) мен күрделі софылық философияның (Жалаледдин Руми мектебі) синтезінен жаралған жырларын бұғаттау мүмкін болмады. Ол 20-ға жуық жыр және эсселер жинағын шығарды. Ф.Кафка прозасын, ХХ ғасырдағы француз ақындарының жырларын өзбек тіліне аударды. Өзінің де өлеңдері көптеген тілдерге аударылды.

80-жылдардың ортасында ол саясатпен айналыса бастаған. 1984 жыл желтоқсан айында ол Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің ана тілі, ұлттық әдебиет пен тарихқа қатысты ұстанған саясатына қарсы тұңғыш манифесін жазады. Оған 53 жас ақын қол қояды. «Қайта құру» басталып, кішкене еркіндік самалы есе бастаған шақта ол достарымен бірге «Бірлік» қозғалысын құрса, 1989 жылы «Эрк» (бостандық) демократиялық партиясын саяси сахнаға шығарды. 1990 жылы Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты боп сайлан ақын саяси аренада белсенділігімен көзге түсті. 1990 жылдың 20 маусымында ол басқарған «Эрк» партиясының ұсынысымен Жоғарғы Кеңес Өзбекстанның тәуелсіздік декларациясын қабылдайды. 1991 жылғы Янаев төңкерісінен соң Ислам Кәримов бастаған коммунистер 31 тамызда тағы бір рет тәуелсіздік декларациясын қабылдаған. Мұхаммед Салых 1991 жылдың желтоқсан айында өткен президент сайлауында Ислам Кәримовтың қарсыласына айналды. Ресми дерек бойынша ол – 12,7% дауыс алған. Ал, Өзбекстан радиосы М. Салыхты 33% дауыс алды деп жариялап жіберген болатын. Осындай әділетсіздікке қарсы боп, сайлаудан соң шеруге шыққан студенттер жәбір көрді, оппозициялық газет жабылды, партия хатшысы Атаназар Ариф қамалды.

Мұхаммед Салых 1992 жылы 2 шілдеде жаппай қудалауға қарсылық ретінде депутаттық мандатынан бас тартты. Міне осыдан бастап ел билігі тарапынан саясаткер ақынға қарсы қудалау науқаны басталды: Желтоқсан айында «Ұлттық мәжіліс» құрғандығы үшін айыпталса, 1993 жылы сәуір айында сатқын деп айыпталып, қамауға алынды. Бірақ халықаралық қауымдастықтың арқасында Ташкенттен кетпеу шартымен қамаудан босатылды. Алайда, ол елден қашып шығып, Бакуді паналады. Бірнеше күн өткен оны жылы жүзбен күтіп алған Әзірбайжан елінің сол кездегі президенті Абулфейз Элчибейді көтерілісшілер биліктен тайдырды. Осыдан соң М.Салых Түркияға кетуге мәжбүр болды. 1999 жылы Ташкентте болған жарылыстан соң, М.Салых қастандықты ұйымдастырушы ретінде айыпталып, 15 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Інілері ұзақ мерзімге қамалды. Ал жарылысты ұйымдастырушы ретінде қамалған Зайниддин Асқаров «Голос Америка» радиосына түрмеде отырып берген сұхбатында бұл іске М.Салыхтың мүлде қатысы жоқ екендігін айтты.

2001 жылы Өзбекстан ІІМ бөлім бастығы, полковник Батыр Тұрсынов пен интерполдың өзбек бөлімінің директоры, полковник Махмуд Хаитов Норвегияда жүрген Мұхаммед Салыхтың көзін құрту үшін шешен содырларын жалдайды. Алайда, соңғы сәтте Мұхаммед Салыхтың суретін көрген Зелимхан Яндарбиев Горький атындағы әдебиет институтында бірге оқыған курстасы Салай Мадаминов екендігін біліп, содырларды тоқтатқан әрі қастандық туралы жариялаған. 2013 жылы белгісіз біреулер М.Салыхтың Стамбулдағы үйіне оқ жаудырған, бірақ, күзет күшті болғандықтан ешкім зиян шекпеді. Ал 2014 жылы әйгілі түрік газеті «Yeni Safak» үш кісінің М. Салыхқа қастандық жасамақ болғанын жазды.

Сәл шегініс жасап, М. Салых өміріндегі тағы бір елеулі оқиғаны айта кетеік. 2001 жылы 28 қарашада «Азаттық» радиосының шақыртуымен ол Амстердамнан Прагаға ұшып келеді. Алайда Өзбек билігінің сұрауы бойынша әуежайда қамауға алынып, Панкрац түрмесіне жөнелтіледі. Чехия президенті Вацлав Гавел бір кездері осы түрмеде отырған болатын. 30 қарашада Прага соты соңынан Өзбекстанға экстрадициялау үшін 40 күнге қамауға алу жөнінде шешім шығарды. Норвегия елшісі Лассе Сейму түрмеге келіп, Мұхаммед Салыхқа «сотқа дейін жеткізбей түрмеден алып шығу үшін Норвегия бар амалды қолданатынын, әйтпесе, экстрадиция қаупі төніп тұрғанын» айтса да, М.Салых түрмеден заңсыз жолмен шыққысы келмей, «сотты күтем, Өзбекстан айыпты екенімді дәлелдейтін барша құжаттарын жіберсін, дәлелдей алса сот шешімімен келісем» дейді. Халықаралық қауымдастық М. Салыхты азат ету жайлы Чехияға үндеу жолдай бастады. «New York Times» газетінің тілшісі Питер Грин тұтқынмен кездесіп, 9 желтоқсанда жариялаған мақала әлемде үлкен толқыныс тудырды. 10 желтоқсанда ел президенті Вацлав Гавел ішкі істер минстрімен сөйлескенін, М. Салых жуық арада бостандыққа шығатынын хабарласа, 11 желтоқсанда СТК агенттігіне М.Салыхпен кездесетінін айтты. 12 желтоқсанда Вацлав Гавел президент сарайында тұтқын М.Салыхты қабылдады. 14 желтоқсанда Прага қалалық соты Өзбекстан ұсынған барша материалдарды саясиланған деп танып, М.Салыхты Өзбекстанға бермеу жөнінде шешім шығарды. Бұған ашуланған Өзбекстан президенті трамвай вагондарын алу үшін Чехиямен жасасқан 50 миллион долларлық келісім-шартты бұзды. Сонда Вацлав Гавел «мен Мұхаммед Салыхтай бір диссидент ақынды 50 миллион долларға айырбастамаймын» деген тарихи сөзін айтқан болатын.

2011 жылы 28 мамырда Берлинде Өзбекстан халықтық қозғалысы құрылды. Оның құрамына 8 оппозизиялық ұйым енді. М. Салых төраға боп сайланды. 2012 жылы маусымда Прагада қозғалыстың 2-съезі болды. М.Салых тағы да төраға боп сайланды. 2016 жылы Самарқанда Реджеп Тайып Эрдоғанмен кездесу барысында Өзбекстанның жаңа басшысы Ш.Мірзияев та М.Салыхты Түркиядан шығарып жіберуін сұрағанын баспасөз жарыса жазды. Эрдоған келіспеген тәрізді. Мұхаммед Салых әлі Түркияда тұрып жатыр.Барлық құқықтар сақталған.

© turkystan.kz