ЭНН КАРСОН. ПОЭЗИЯ – ОТ ҰСТАП ЖҮГІРГЕН АДАМ СИЯҚТЫ

– Сіздің шығармаларыңыз поэзия туралы пайымды тіптен тереңдете түскендей. Ендеше, поэзия деген не?
– Егер прозаны бір үй десек, онда поэзия от ұстап асыға жүгірген адам сияқты.
– Ақын өлеңді таңдай ма, әлде, өлең ақынды таңдай ма?
– Мен сурет салғанды ұнатушы едім, бірақ онымнан түк шықпады. Кейін бұл әуестік өз ойларымды қағазға түсіруге, жазуға ұласты. Негізінде, сурет салу жазумен онша байланысты емес, дегенмен, олар бір-бірін толықтырады, жаңартып отырады әрі екеуі де ақыл-ойды пайдаланудың балама тәсілдері деуге келеді.
– Сіз қай жерде өстіңіз? Ата-анаңыз немен айналысады?
– Мен Канаданың Онтарио аумағына қарасты шағын қалашықтарда өстім, сол мекендерде өмірге бейімделдім. Әкем банкте жұмыс істеді. Анам бізді тәрбиелеумен айналысты.
– Профессор Энн Карсонның өмірі ақын Анне Карсонның өмірімен салыстырғанда сенімдірек болды ма?
– Мен бұл туралы ешқашан ойламадым. Сенімділікті айтамын.
– Лондоннан шығатын «Шолу» журналында Стивен Берт сіз туралы былай деп жазыпты: «Оның әлемі ешқайда жоқ, тіпті, өз санасында, біздің заманымызда немесе ежелгі әлемде де ол кездеспейді». Бұл шын сөз бе ?
– Мен су астында ғана өзімді жайлы, еркін сезінемін.
– Өлеңді жадқа сақтау қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
– Мен үшін өнер – терапия емес.
– Кезінде сіз бокс өнеріне де қызығыпсыз, не үшін?
– Ол – өткен кезең ғой. Өтті. Бітті.
– Жарыңызбен бірге студенттерге ынтымақтастық туралы дәріс оқиды екенсіздер, мұндай қасиетті үйрету мүмкін бе екен?
– Жоқ, мұны тек тәжірибе арқылы сіңіруге болады. Біз студенттерге қандай да шаруаны бірлесіп орындауға тапсырмалар береміз. Сол арқылы олардың «ынтымақтастық» турасындағы түсініктері қалыптасады.
– Жанартауларға да әуестігіңіз бар екенін бір жерден оқып едім. Бұл әуестік неден, қайдан басталып еді?
– Бұл әуестік сурет өнерімен «ауырып» жүрген кезімде басталған. Атылған жанартауларды алуан түсті бояулармен қағазға түсіру оңай шаруа ғой.
– Өлең тудыратын эмоционалды тақырыптарды саналы түрде іздейсіз бе? Мұндай тақырыптардың уақыты өту қаупі бар ма?
– Саналы түрде дегеннің не екенін білмеймін, ал өлең тудыруға жетелейтін нәрсе – түйсік дер едім. Қауіп туралы айтар болсам, мен мұны соңғы болып түйсініп отырған жоқ шығармын?
– «Мона Лиза туралы аз аял» атты өлеңіңізді оқығанмын, сұрайын дегенім, бұл өлең жұмбақ күйінде қала бере ме?
– Мен Мона Лизаны ұнатқан емеспін. Сол үшін, әрине, бұл жұмбақ күйінде қала береді.

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын