ФОРУМ БАСТАЛУЫНА:
: : :
  • күн
  • сағат
  • минут
  • секунд

Азия елдері қаламгерлерінің форумына 38 елдің өкілдері қатысады

Қыркүйек 04,2019

Ертең елордада Азия елдері қаламгерлерінің I форумы шымылдығын түреді. Жазушылардың бұған дейінгі мұндай ауқымды жиыны Алматыда 1973 жылы соңғы рет өткен. Бұл форумның ерекшелігі мен қонақтары туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Баспасөз жиынында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет елімізде алғаш өтіп отырған жиынға мемлекет тарапынан үлкен қолдау болғандығын айтты.

«Қазір маған елімізде осы шараға ұқсас форум өтіп еді ғой деген сұрақтар қойылып жатыр. Шындығын айтқанда, Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен Алматыда 1973 жылы Азия және Африка ақын-жазушыларының бесінші конференциясы өтті. Бұл конференцияның біздің форумнан айырмашылығы бар. Оған тек социалистік елдердің қаламгерлері шақырылды. Ал біз бұл жолы – социалистік және капиталистік деп екі лагерге бөлініп отырған жоқпыз. Біз форумға сол кезде шақырылмаған Жапония, Оңтүстік Кореяның, қысқасы, Азия құрлығындағы 44 мемлекеттің жазушыларын шақырдық. Ертең сол жиынға 38 елден келген 80-ге жуық қаламгерлер қатысады деп отырмыз. Бұл жерде форумның ұйымдастыру жұмысына мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отырғандығын баса айтқан жөн. Мемлекет басшысы форумның салтанатты ашылуына қатысады. Мұның өзі – әдебиетке деген мемлекеттің оң көзқарасын көрсетеді», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.

Дереккөз: elorda.info