2019 жылғы Нобель лауреаты Петер Хандке кім?

Күні кеше әдебиет саласы бойынша Нобель марапатының лауреаттары анықталған еді. Бір қызығы, биыл бұл атақ қос бірдей қаламгерге бұйырды.

Сонымен, 2019 жылғы Нобель лауреаты Петер Хандке деген кім?

Балалық шақ

Аустриялық жазушы һәм драматург Петер Хандке Каринтия провинциясындағы Гриффен елдімекенінде тұратын атасы Грегор Зиутцтың үйінде 1942 жылы 6 желтоқсанда дүниеге келген. Жаңа туған сәбиді 9 желтоқсан күні католик шіркеуінде шоқындырған.

Болашақ жазушының анасы Мария Хандке (Қыз күнгі тегі – Сивец) 1942 жылы Эрих Шенеман есімді неміс банкирімен танысып, кездесе бастайды. Жігіт некеде болған соң, екеуі қосыла алмайды. Мария ай-күні жақындағанда берлиндік автобус кондукторы Адольф Бруно Хандкеге тұрмысқа шығады. Болашақ жазушы туған әкесі кім екенін мектепке оқып жүргенде білген. 

Отбасы кейіннен Берлин оккупациясының советтік аймағына кіретін Панковқа қоныстанады. 1948 жылы 24 маусымда Берлинде блокада болды. Осы оқиға орын алуына 4 күн қалғанда Хандке отбасының төрт мүшесі (Петердің қарындасы Моника 1947 жылы 7 тамызда дүниеге келген) пойызға мініп, Гриффенге бет алған болатын. Құжаттары болмағандықтан, оларға жүк көлігімен Германия-Аустрия шекарасын кесіп өтуге тура келді. Кейін 1957 жылы Петер Хандке бұл оқиғаны мектепте оқып жүрген кезінде толық сипаттап жазып шығады.

Гриффенде алты жасар Петерге (Берлин диалектісіне байланысты) жергілікті балалармен тіл табу қиынға соқты. Уақыт өте ол каринтиялық сөйлеу мәнерінен арылып, ортақ әдеби тілде сөйлеуге көшеді.

Петер оқушы кезінде әкесі Адольф Хандке біраз уақыт жұмыссыз ретінде жәрдемақы алатын, бірақ ол ащы суға әуес болып, әйелімен жиі жанжалдасатын әдет шығарады. Ақыры есін жиып, қайын інісі Георг Сиуцқа жалданып жұмыс істей бастайды. Шіркеу мен жергілікті жер иелері үстемдік құрып тұрған ауылда Адольф кедейлер санатында еді. Кейіннен Петер Хандке өзін «Жерсіз шаруаның ұлы» деп атайтын болды.

Осындай қиындықтарға қарамастан, Петердің балалық шағы нағыз ауыл иісі аңқыған мекенде өтіп жатты. Ауыл тұрғындары бірге мал сойып, карта ойнап уақытты қызықты өткізетін. Шіркеуге де жиі баратын. Хандке бала кезде алған әсерлерін өз еңбектерінде көп жазады. Мысалы, «Аралар» атты алғашқы романында ауыл өмірін шебер суреттейді.

► Жасөспірім кезең

Орта мектепті кілең бестікпен аяқтаған Петер Танценбергтегі гуманитарлық мектепке оқуға түсті. Оқу жылдарында ол гимназия жатақханасында тұрды.

Оқу басталғаннан көп ұзамай Петер Хандке он алты беттік «Менің өмірім. 2-бөлім » аталатын көркем шығарма жазып, гимназистер алдында жазушылық қабілетін паш етеді.

Бұл мектепте латын, грек, ағылшын тілдерін оқытуға көп көңіл бөлінді. Оған қоса итальян және словен тілдері бір жыл, стенография екі жыл бойы оқытылды. Петр неміс және ағылшын тілдерінен сабақ берген мұғалім Райнгард Музармен достық қарым-қатынаста болатын. 1957 жылы сүйікті ұстазы сынып жетекшісі болды. Музар оқушының талантын көріп, жазуға деген құштарлығын оятады. Олар бірге серуендеп, Петердің шығармаларын талқылайтын.

Бала Петердің алғашқы шығармалары мектепішілік Fackel газетінде жарияланатып жүрді. Кейін осы ұстазы оның мамандық таңдауына да әсер етті. Ол заң факультетіне түсуге кеңес берді. Оған аталған факультетте бір жылдық оқу жоспарын бірнеше айда игеріп, ал қалған уақытты толықтай әдеби шығарма оқуға жұмсауға болатыны себеп болды.

1959 жылы ол Клагенфуртта өткен оқушылар арасындағы әдеби байқауға қатысып, марапатқа ие болады. Оның екі шығармасы «Kärntner Volkszeitung» газетінде жарияланды: 1959 жылы 13 маусымда «Атаусыз» (Der Namenlose) және 1959 жылы 14 қарашада «Сол шақта» (In der Zwischenzeit).

1961 жылы Питер Хандке қорытынды емтихандарды өте жақсы тапсырып, жоғарғы оқу орнына түседі. 

Студенттік шақ 

1961 жылы Хандке Грац университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары ол Грац-Валтендорф кварталынан шағын бөлмелі пәтер жалдап тұрды. Оның оқуға аса ынтасы болмаса да, нәтижелері жақсы болатын. Питер стипендия мен ата-анасынан келетін ақшаға күн көріп қана отырмай, қосымша жұмыс істеген. Бірде грек тілінің оқытушысы болса, кей кездері флуоресцентті лампалар орнатумен айналысқан. Бұл оның көзіне кері әсерін тигізгендіктен, қара көзәйнек киіп жүруге тура келді. Бір қызығы, кейінірек қара көзәйнек жас жазушыны көпшілік алдында ерекшелейтін имидж іспетті қалыптасып кетті.

Студенттік шақта пайда болған қызығушылықтар Петер Хандкенің болашағына зор ықпал еткен артықшылықтарға айналды. Ол кинотеатрға жиі баратын, кейіннен сценарийлер жаза бастады, режиссерлік қабілеттен де кенде емес еді.

Оның тағы бір әуестігі – рок-музыка. Петер кафелердегі музыкалық бокстерден «Beatles», «Rolling Stones» сынды топтардық әндерін тыңдағанды ұнататын. Хандкенің кейінгі  кітаптарында осы музыканттар сөздерін реминисценциялау байқалады. 

1963 жылдан бастап Хандкенің шығармашылығы анағұрлым айқын формаға келе бастады. Осы жылы ол Грац радиосының әдебиет және әдеби викториналар бөлімін басқарған Альфред Гольцингермен танысады. Радиода Хандкенің алғашқы қысқаша туындылары оқылды. Сондай-ақ ол осы радиоға арнап түрлі тақырыптарға шолу мақалаларын жазды. Атап айтқанда Джеймс Бонд, Битлз, футбол, мультфильмдер мен поп-музыка туралы. Хандке түрлі құбылыстарды зерттеп, оған қатысты өз ойларын жеткізіп жүрді. Бұл жұмысына көптеген кітаптарға шолу жасауда енді.

1964 жылы Хандке «Әдеби манускрипттер» басылымының атқарушы редакторы Альфред Коллеричпен кездеседі. Сол жылы аталған газетке автордың алғашқы еңбектері басылып шыққан.

Осылайша студент Хандкенің есімін әдеби орта ести бастады.

Бірақ көп ұзамай болашақ Нобель лауреаты мемлекеттік емтихан тапсыруға бармай, университеттен шығып кеткен. Қаламгер өзін толығымен әдебиетке арнау үшін осындай қадамға барған.

жалғасы бар

https://massaget.kz/layfstayl/debiet/59130/