Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы биыл екі қаламгерге табысталады

Қазан 08,2019

Швед Академиясы осы аптада әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының қос бірдей лауреатының есімдерін атайды.

Былтыр болған даулы мәселеге байланысты 2018 жылғы марапаттау рәсімі алдағы жылға қалдырылған болатын. Енді 2018 және 2019 жылдардың лауреаты ретінде екі қаламгерге жүлде ұсынылмақ.

Қазіргі уақытта тек медицина саласы бойынша лауреаттар есімдері анықталды. Әдебиет саласы бойынша Нобель иегерлері 10 қазанда жарияланады. Сыйлықты Норвегияның Осло қаласындағы Нобель комитеті табыстайды. Нобель сыйлығының биылғы жүлдесі 9 миллион швед кронын (900 мың доллар) құрайды.

Нобель марапатына лайықты адамды анықтау үдерісінің қалай жүргені туралы ақпарат тек 50 жылдан кейін ғана жарияланатыны белгілі. Сол себепті Академияның ақпаннан бері 200 номинантты қарастырғаны мен  жазда тағы 5 қаламгер шығармашылығын зерттегені туралы мәліметтен өзге дерек жоқ.

Биыл енгізілген аса маңызды өзгеріс Академия әділқазысынан бөлек, 5 тәуелсіз мүшенің қосылуы болды. Бұл таңдаудың әділетті өтуіне жасалған қадам.

Нобель премиясы комитеті 2018 жылғы марапаттау рәсімін өткізуден бас тартуына қарсылық ретінде бірнеше адам бірлесіп оған балама әдеби премия тағайындаушы ұжым құрған еді.  Сол жылы жаңа академия ұсынған тізімнен үздігі анықталып, нәтиже жарияланды.

«Адами құндылықтардың маңызы қалмаған заманда әдебиетке баса назар аударған жөн. Үнсіздікке қарсы ең күшті қару осы әдебиет болмақ «,- деген болатын премияны ұйымдастырушылар.

Алдымен альтернативті академия 4 автордан құралған шорт-лист ұсынды. Онда жапониялық Харуки Мураками (Мураками «Нобельден» емес, осы марапаттан бас тартты), британиялық Нил Гейман, франциялық Мариз Конде және канадалық Ким Тхуи есімдері жазылған болатын.

Әділқазы алқасының мүшесі Энн Полссон номинанттарды жариялаған кезде осы авторлардың өзіндік ерекшеліктерін атап өтті. Премияға претендент ретінде 47 автордан өтініш келген.

Жеңімпазды қазан айында, яғни, әдетте Нобель премиясы жеңімпазын анықтайтын уақытта хабарлады

«Жаңа академияның» басты марапатына француз жазушысы Мариз Конде лайық деп танылды. Өзі Гваделупаның тумасы. Жюри автордың өз шығармашылығы арқылы колониализмнің әлемді қалай өзгерткенін шебер жеткізгенін атап өтті.  

Мариз Конденің ең танымал тарихи романдарының бірі «Мен, Титуба: Салемдік қара мыстан» деп аталады. Ол XVIII ғасырда Батыс Африкада орын алған мыстандарды жою оқиғасын негізге алған.

Ресми марапаттау рәсімі 11 желтоқсан күні өткен болатын. Шарадан кейін алтернативті академия мүшелерін таратып жіберді. 

Ал, нағыз Нобель сыйлығын кім алар екен?